Қарағанды облысында құс фабрикасының жұмысшылары 6 мың жұмыртқа ұрлаған
Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қарағанды облысында құс фабрикасының қызметкерлері 6 мың жұмыртқа ұрлап, мекемеге 312 мың теңге шығын келтірген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұқар жырау аудандық полиция басқармасына ауданға қарасты құс фабрикасынан 6 мың жұмыртқа ұрланғаны туралы ақпарат түсті. Келтірілген шығын көлемі 312 мың теңге болған.
Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген іс-шаралар барысында 23, 40 және 58 жас аралығындағы үш азамат ұсталды. Оның біріншісі құс фабрикасының жұмысшысы болса, қалған екеуі сол жерде күзетші болып жұмыс істеген. Олар өзара сөз байласу арқылы ұрлық жасағандарын мойындады.
Жұмысшылар жұмыртқаны қол сөмкеге салып, өткізу пункті арқылы өткізген, ал күзетшілер оны көрмеген болып, кейін өзара бөлісіп отырған. Осылайша, олар бір ай ішінде 6 мың жұмыртқаны қолды қылған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.