Ақмола облысының тұрғыны 43 шетелдікке заңсыз жұмыс істетіп келген
Екі тарапқа да айыппұл салынды
Ақмола облысының полицейлері Өзбекстанның 43 азаматына жұмыс берген Қазақстан Республикасының азаматын анықтады.
Бұл ретте шетел азаматтары ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі («Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ал уәкілетті органның рұқсатынсыз шетелдік жұмыс күшін пайдаланғаны үшін жұмыс берушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы («Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту») бойынша хаттама толтырылды, – делінген ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бұдан бөлек, 3 шілдеде Алматы облысында Тәжікстанның 2 азаматын өлтірді деп күдікке ілінген шетел азаматы ұсталды. 26 маусымда Қарасай ауданының полиция басқармасына жеке үйлердің бірінен пышақ жарақаты бар 2 ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен. Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, олар Тәжікстан Республикасының 30 бен 34 жастағы азаматтары болған.