Алматыда тағы бір балалар лагері жазғы демалысты дұрыс ұйымдастырмаған
Қалалық білім басқармасы «Тау самалы» лагеріне балаларды кіргізбеу туралы шешім қабылдады
Алматы қалалық білім басқармасы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша шарттарды дұрыс орындамаған, сапасыз қызмет көрсеткен лагерь басшылығымен арадағы келісімшартты бұзған. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында хабарланды.
Ведомство мәліметінше, жазғы лагерлерьді тексерген қалалық білім басқармасының қызметкерлері «Тау самалы» лагеріне («Айсұлу және Т» ЖШС) балаларды кіргізбеу туралы шешім қабылдаған.
Лагерьге жолдың қашықтығын және балалардың ерекше білім беру қажеттілігін ескере отырып, олар Қаскелең қаласындағы жеке мектепке уақытша орналасты. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медициналық қызметкерлер тәулік бойы кезекшілік етеді, - деді білім басқармасындағылар.
Сондай-ақ олар қазір мектепте демалып жатқан балаларға ерекше бақылау қойылғанын атап өтті.
«Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушілері осы мектепте болған кезеңде оларға 6 рет тамақтандыру, мәдени іс-шаралар және тағы басқа шаралар ұйымдастырылды», - делінген хабарламада.