Halyq Uni логотип
×

Атыраулық кәсіпкер ардагерлерге футбол алаңын салып жатыр

Енді осы алаң салынған соң спортшылар ештеңеге алаңдамай жаттығады, – деді Нұрлан Жолболов 

 Дастан Жұмабекұлы 19.07.2023 | 15:50
Атыраулық кәсіпкер ардагерлерге футбол алаңын салып жатыр
Фото: atpress.kz

Атырау қаласындағы «Жилгородок» атанып кеткен көпір астында ардагерлерге арналған шағын футбол алаңының құрылысы басталды. Бұл алаңды ардагерлерге арнап белгілі кәсіпкер, «Санжар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Жолболов салып жатыр.

AtyrauPress-тің хабарлауынша, алаңның доп тебетін аумағының өзі мың шаршы метрге жуықтайды. Бұдан бөлек, оның сырты қоршалып, айналасына 100-ге жуық ағаш егіледі. Келушілерге ыңғайлы болу үшін көлік қоятын орын салынып, биодәретхана да қойылады. Көрермендер үшін 80-100 орынға арналған трибуна салынады.

Ардагерлер спортына көңіл бөлінуі қажет. Мәселен, футболшылар 35 жастан соң кәсіби түрде бұл ойынды ойнай алмайды. Оларға спортсыз өмір сүру қиын. Қазір мен үнемі қолдап, демеушілік жасап келе жатқан «Санжар» ардагерлер футбол командасында «спорт десе ішкен асын жерге қоятын» 12 адам бар. Олардың арасында 40-70 жастан асқан кісілер доп теуіп жүр, – деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, ардагер футболшыларға кәсіпқой спорттан кеткеннен кейін оны біржолата тастап кетуге болмайды. Қазір өзі құрған «Санжар» ардагерлер футбол командасында әртүрлі деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып, Атыраудың намысын қолдан бермей келеді. Соның ішінде команда бірнеше рет Қазақстан чемпионы да атанған.

 Осыған дейін біз ыңғайы келген жерде ақшасын төлеп жаттықтық. Ал мұндай жағдай, әрине, қысы-жазы Атырау облысының чемпионатына қатысатын 100-200 футбол ардагері үшін  оңай болған жоқ. Енді осы алаң салынып болған соң спортшылар ештеңеге алаңдамай жаттығады, – деді Нұрлан Жолболов. 

Кәсіпкердің айтуынша,бұл жерде басқа да спорттық шаралар өтеді. Бұл әзірге ашық алаң болады. Ал болашақта қыс мезгілінде де жаттығуға ыңғайлы болу үшін төбесі мен жан-жағы панельмен жабылады. Бұл – әзірше жоспар. Өйткені салынып жатқан алаңға бастапқы жоспарланған сомадан да көп шығын кеткен. Мәселен, бір ғана дәнекерлеу жұмыстарына 5 млн-нан аса теңге жұмсалған, газонның өзі – 6 млн, одан да басқа құрылыс материалдарына көп ақша кеткен.

Шағын футболға арналған алаңды салу жұмыстары 1 шілдеде басталды. 31 шілдеге дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама