Қарақшылар Алматы – Өскемен тасжолының бойында әрекет еткен
Жетісу облысында ауыр жүк көліктерін тонаған 6 адамнан құралған топ ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен Жетісу өңірі арқылы Алматы – Өскемен тас жолының бойымен транзитпен кетіп бара жатқан ауыр жүк көліктерінен мүлікті ұрлаумен айналысқан қылмыскерлерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. 10 шілдеде ұзақ және үйлесімді жұмыстың нәтижесінде 6 адамнан тұратын топ ұсталды. Олар жүйелі түрде аса дөрекілікпен ірі партиялы жүк көліктерінен түрлі тауарларды ұрлаған. Бұл топтың жұмысы ұрланған мүлікті сатуға дейін жақсы ұйымдастырылған.
Қылмыскерлердің бір схема бойынша әрекет еткені анықталды. Олар түнде тас жолға шығып, фураның артынан жүріп келе жатып, тасжолда жүк көлігі жылдамдығын бәсеңдететін және теңселмей жүретін жерлерді таңдаған. Өз көліктерінің шамдарын алдын ала сөндіріп, көліктің шағылыстыратын элементтерін жасырып қоюға тырысқан. Қарақшылар ауыр жүкке жақындап, онымен түйісу кезінде ілгегі бар арнайы жасалған баспалдақтың көмегімен жүк көлігінің төбесіне көтерілген. Екі адам жүк көлігінің төбесіне шығып, тенттің жоғарғы бөлігін кесіп, біреуі фураның ішіне кіріп, екіншісіне тауарды беріп отырған. Оның барлығы жол жиегіне лақтырылған. Біраз уақыттан кейін, сыбайластары ГАЗель автокөлігімен тауарларды жинауға кіріскен. Ұрланған заттарды сатуға Алматы қаласындағы таныстары көмектескен. Қазір бірнеше адамның бұл қылмысқа қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деді Жетісу облысы ПД бастығының орынбасары Әбдікенов.
Оларды ұстау кезінде Жетісу облысының, Алматы облысының және Алматы қаласының аумағында 30-дан аса тінту іс-шарасы өткізілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі («Қылмыстық топ жасаған ұрлық») бойынша жүргізіліп жатыр. Қазір күдіктілер қамауға алынды.
Полицейлер басқа зардап шеккен адамдарды анықтау және ұсталғандардың ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр.