Ұл мен қызы облыстық балалар ауруханасына жатқызылды
Ақтауда әйел кішкентай балаларымен көпқабатты үйдің кіреберісіндегі бетон еденге ұйықтап қалған. Бұл туралы inAktau.kz хабарлады.
Оқиға 17 шілдеге қараған түні болған. Жағдайды видеоға түсіріп алған куәгірлердің айтуынша, әйел мас болған.
Кейін куәгерлер полицияға жүгінген. Бірақ оларды ұзақ күтуге тура келген. Сонымен қатар балаларды тоңып қалмас үшін үйлеріне апармақ болған. Алайда балалар оған көнбеген. Бейнежазбаға қарағанда, кейін қамқор адамдар оларға жылы көрпе әкеліп берген.
Маңғыстау облысының полиция департаменті 16 шілдеде сағат 23:40 шамасында «102» кезекші пультіне 11-шағын аудандағы №33 үй кіреберісінде 2 баласы бар әйелдің мас халде жүргені туралы хабарлама түскенін мәлімдеді.
Шақыруға келген полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған балалары бар әйелдің жеке басын анықтау барысында тұрғылықты жерде тіркеуі жоқтығы белгілі болды. Балалар облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Әйелге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы («Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Ал облыстық балалар ауруханасы сәбилердің (2019 жылы туған ұл, 2021 жылы туған қыз) жағдайы қанағаттанарлық екенін, алдағы 7-10 күнде олар дәрігерлердің бақылауында болатынын айтты.