Бүгінде ол отағасы екеуі перзенттерінен 70 немере мен 20 шөбере көріп отыр
Түркістан облысында 24 баланы дүниеге әкелген 76 жастағы ардақты ана Сапаркүл Әбутәліпова тұрады.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, бүгінде ол 24 баладан 70 немере мен 20 шөбере көріп отыр. Жетісай ауданының Қараөзек елді мекенінде бейнетінің зейнетін көріп отырған көпбалалы ана – еліміздің жеткен жетістіктері мен алған асуларына тілеулес жан.
Сапаркүл Әбутәліпова еңбекке жастайынан араласқан екен. Айтуынша, өмірлік серігі екеуі ерте шағырақ көтеріп, отбасылы болған. Содан кейін кеңшардың малын бағып, ел қатарлы балаларын тәрбиелеп, өсірген.
Адамды адам еткен – еңбек» дейді. Жас кезімізден еңбекпен шұғылдандық. Жолдасым Жоламан екеуміз кеңшардың малын бақтық. Мал шаруашылығында отағасы аға шопан, мен көмекшісі болып істедім. Отбасылы болып, 24 баланы дүниеге әкелдік. Өкінішке қарай, өмірдің түрлі сынағына тап болып, 12 балам қайтыс болды. Аллаға шүкір деймін, қалғанының барлығын аяқтандырдық, қатарынан кем қылмадық. Немере, шөбере сүйіп отырмыз. Балаларымызды жақсы тәрбиелеуге тырыстық, еңбекті сүйіп өсірдік. Маңдай термен табылған нан қашанда тәтті, – дейді қарт ана.
Сапаркүл Әбутәліпова бір рет үшем, екі рет егіздерді дүниеге әкелген екен. Ол алғаш рет «Батыр ана» медалін 1979 жылы 17-перзентін дүниеге әкелгенде алыпты. Ал екінші «Алтын алқасы» омырауына еліміз тәуелсізік алғанда тағылыпты.
Қазір алтын құрсақты ананың ұл-қыздары қосақтарымен әулеттің дәулетін асырып, аналарының ақ батасымен ұрпақ өрбітіп отыр. Олар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысында өз істерінің шебері атанып, кәсіптерін дөңгелетіп, нәсіптерін тауып жүр. Ал ардақты ана отағасы екеуі кенже ұлдарының шаңырағында тұрады.