Ауылда 21 күндік карантин жарияланды
Ақтөбе облысында баланы тістеген түлкіден құтырма ауруы анықталып отыр. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасы мәлімдеді.
4 шілдеде Қобды ауданының Жарық ауылындағы өзен жағасында, ата-анасының көз алдында баланы тістеп алған түлкі өлтіріліп, басы ветеринарлық зертхана сараптамасына жіберілген. Кейін ауылда 21 күндік карантин жарияланды.
Түлкі тістеп алған 4 жасар бала Қобды аудандық ауруханасына шұғыл жеткізілген. Оның маңдайында, мұрнында жаралар, аяқтарында сызаттар болған.
Баланың жағдайы қанағаттанарлық. Жаралар емделіп, тігілді, бала құтырмаға қарсы екпе алды, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Ветеринария бөлімі түлкінің құтыру ауруына тексерілгенін айтты. Оқиғаға қатысты сараптама нәтижесі 17 шілдеде белгілі болған.