Жыл басынан бері мыңнан аса адам жол апатынан қаза тапқан

Динара Амантай

Жолдағы қайғылы оқиғалардың 95%-ы жүргізушілердің немқұрайлылығы мен салғырттығынан болады

Фото: Halyq Uni

Елімізде өткен 3 күнде жол апаттарынан 25 адам қаза тапқан, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алты ай ішінде біз 1,5 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалғанымызға қарамастан өткен жұма, сенбі, жексенбі күндері 25 адамнан айырылып қалдық. Қала маңындағы тасжолдарда 3 немесе одан да көп адам шығынымен болған жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткені ерекше алаңдатады, – деді ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Мәселен, 15 шілдеде Абай облысында Lada автокөлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, автокөліктің аударылуына жол берді. Апат салдарынан 3 адам қаза тауып, 2 адам түрлі жарақат алды. 16 шілдеде сағат 15:00 шамасында Доссор – Құлсары – Бейнеу республикалық маңызы бар автожолында Chevrolet Сobalt жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, Toyota автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алды. Осы апта да жол-көлік оқиғаларынан басталды. Бүгін таңертең Түркістан облысындаға Шаян ауылының маңында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Екпінді – Созақ облыстық маңызы бар тасжолында Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Сrafter көліктері соқтығысқан. Апат салдарынан көлік құралдары қасқағым сәтте отқа оранды. Оқиға орнында 10 адам қаза тапуып, 12 адам ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатына Nissan автокөлігінің қарсы жүріс жолағына шығуы себеп болған.

Осы жағдайлардың барлығы жол жүрісіндегі тәртіпің төмендігін және жүргізушілердің менмендігін көрсетеді. Талдауға сәйкес, барлық жол-көлік оқиғаларында жүргізушілер асығыс жүріп, басып озу үшін қарсы жолаққа шығады. Жылдамдықтың жоғарылауына байланысты олар автокөлік тізгініне ие бола алмай, келеңсіз оқиғаларға тап болады.

 Жол апаттарының 95%-ы жүргізушілердің немқұрайлылығы мен салғырттығынан болады.

Жол қателіктерді кешірмейтінін бәрі біледі. Сондықтан жүргізушілерден асықпауды сұраймыз. Осы қайғылы жол апаттарын ескере отырып, әкімшілік полиция комитеті жол жүрісіне қатысушыларды қауіпсіз жүріс жылдамдығы мен автокөліктер арасындағы қашықтықты қатаң сақтауға шақырады. Бүгінде еліміздің жолдарында 1 мың 22 адам қаза тауып, 7 мың 370 адам жарақат алған. Олардың өмірі «ЖКО-ға дейін» және «кейін» болып екіге бөлінді. Себебі олардың қаншасының аман қалатыны және қаншасының мүгедек болып қалатыны белгісіз.

Әрбір жүргізуші, жолаушы, жаяу жүргінші осындай хабарламаларды оқығаннан кейін немесе көріп, тыңдағаннан кейін өзінде мұндай жағдай болмайды деп санайды. Бірақ бұл қайғылы статистикаға кіргендер де солай ойлаған болатын. Құрметті жол жүрісіне қатысушылар, «бұл менде болмайды» деген ойлардан арылу керек. Асықпаңыз және абайлаңыз! Үнемделген секундтар немесе минуттар сіздің өміріңізді қиюға тұрарлық дүние емес! Сіздің өміріңізден маңызды ештеңе жоқ! – деді Ақтоты Боранова.