Қостанай облыстық психдиспансердің бас дәрігері мен қызметкерлері сотталды
Сотталушылар кінәсін мойындап, істеген әрекеттеріне өкінді
Қостанай облыстық психдиспансердің бас дәрігері мен қызметкерлері сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қостанай қаласының №2 сотында өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, жалған құжат жасағаны үшін «Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығы» КМК-нің бас дәрігеріне, нарколог-дәрігерлеріне және клиника-диагностикалық зертханасының маманына қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, сотталушы бас дәрігер өзіне бағынысты қызметкерлерінің хаттамасынан сараптама нәтижесін біле тұра, мас халде көлік басқарған жүргізушіні әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін нарколог-дәрігерлерге куәландыру қорытындысын өзгерту туралы нұсқау берген.
Сотталушылар кінәсін мойындап, істеген әрекеттеріне өкінді. Сот жазаны тағайындау кезінде сотталушылардың жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын өкіну, оң мінездемелері мен жас балаларының болуын таныды. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайларды сот анықтаған жоқ.
Іс жүргізу келісімінің шарттарына сәйкес, сондай-ақ жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеріп және ҚР ҚК 55-бабының 3-бөлігінің талаптарын сақтай отырып, сот бас дәрігерге ҚР ҚК 58-бабының 2-бөлімін қолданып, жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті 2 жыл бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ ол белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.
Нарколог-дәрігерлерге жазаны өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгілеумен және ҚР ҚК-нің 44-бабында көзделген міндеттерді жүктеумен, 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады. Ал зертхана маманына жазаны өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгілеумен және ҚР ҚК-нің 44-бабында көзделген міндеттерді жүктеумен, 1 жыл бас бостандығын шектеу түрінде үкім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.