ШҚО-да мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері сотталды
Іс сотқа кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісіммен түсті
Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының тіркелмеген тұлғаларды анықтау бөлімінің бас маманы сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өскемен қаласының №2 сотында лауазымды адамның өз қызметтік бабын пайдалана отырып жасаған алаяқтығы және басқа лауазымды адамға айтарлықтай мөлшерде пара беруге итермелеуге байланысты қылмыстары үшін Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманына қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, биыл ер адам Өскемен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының тіркелмеген тұлғаларды анықтау бөлімінің бас маманы бола тұра, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, С. есімді азаматты Өскемен қаласы полиция басқармасының қызметкерлеріне әр ай сайын 80 мың теңге пара беріп отыруға итермелеген.
Іс сотқа кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісіммен түсті.
Сот жазаның түрімен және мөлшерімен келісе отырып, ер адамды қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 млн теңге айыппұл жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.