Таразда куәліксіз көлік басқарған жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылды
Көліктер айып тұрағына қойылды
Таразда әкелерінің көлігін басқарған екі жасөспірім анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Автомобиль» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Тараз қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің назарына автокөлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарған 2 жасөспірім түсті. Полицейлер олардың түрлері өте жас екендігін байқап, «Toyota Land Cruiser», «Porsche cayenne» автокөліктерін тоқтатып, тексеру барысында 15 және 17 жастағы жасөспірімдердің көлік жүргізгенін анықтады.
Барлық мән-жағдайды білу үшін жасөспірімдердің әрқайсысының ата-анасы оқиға орнына шақырылды. Нәтижесінде әкелерінің көлікті кәмелетке толмаған ұлдарына жүргізуге жиі беретіні, сол арқылы құқықбұзушылық жасайтыны анықталды.
17 жастағы жасөспірімге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылса, оның әкесі ҚР ӘҚБтК 612-бабының 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. 15 жастағы баланың заңды өкіліне қатысты ӘҚБтК-нің 612-бабының 5-бөлігіне сәйкес, 172 мың 500 теңге (50 АЕК) көлемінде айыппұл салынды. Көліктер айыппұл тұрағына қойылды.
Полиция қызметкерлері жүйелі түрде жүргізетін күнделікті профилактикалық іс-шараларға қарамастан, осындай сипаттағы құқықбұзушылықтар жиі анықталады. Сондай-ақ ата-аналардың өздері құқыққа қайшы әрекеттерді жасауға себепкер болып, жол береді. Мен жасөспірімдердің әкелерін, аналарын, ағайлары мен апайларын көлікті басқару құқығын кәмелетке толмаған балаларға бермеуге шақырамын. Жасөспірімдермен жұмыс кешенді түрде жүргізілуге тиіс. Тек бірлескен күш-жігермен ғана біз заң бұзушылыққа қарсы тұратын қоғамның лайықты азаматтарын өсіріп, тәрбиелей аламыз, – деді Жамбыл облысының ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ержан Мананбаев.
Небәрі 3 тәулік ішінде жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 2 мың 800-ден аса дерегін анықтады.