Атырауда ер адамды азаптаған полицейлердің ісі сотқа жіберілді
Қаңтардан бастап азаптаулар туралы қылмыстарды тек прокуратура органдары тергейді
Атырауда азаптаулар жасаған полицейлердің ісі сотқа жіберілді,деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, 21 маусымда прокурорлар азаптаулар жасады деген күдікпен Атырау қалалық полиция басқармасының 5 жедел уәкіліне қатысты қылмыстық істі сотқа жолдаған.
Олар осы жылы ақпанда алдын ала сөз байласып, Р. есімді азаматқа қылмысты мойындату мақсатында анықтаудың рұқсат етілмеген әдістерін қолданып, тәніне және психикасына зардап келтірді деген күдікке ілінді.
Еліміздің Ата заңы кепілдік бергендей, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездік немесе адамдық қадыр-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды және заңды негіздерді қоспаған жағдайларды қылмыстық қудалау орбитасына тартуға жол берілмейді, – деп атап өтті прокуратура қызметкерлері.
Айта кетсек, биыл қаңтардан бастап азаптаулар туралы қылмыстарды тек прокуратура органдары тергейді.