Тәркіленген есірткінің бәрі – «мефедрон» синтетикалық препараты
Қостанай облысында есірткі сатушы ұсталды. Одан 100 млн теңгенің синтетикасы тәркіленді, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Тобыл қаласында ұсталған ер адамды тінту кезінде одан 3 келіден аса синтетикалық есірткі шыққан. Одан кейін тағы 2 мыңнан аса орама табылды. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткінің бәрі – «мефедрон» синтетикалық препараты. Есірткінің жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асып кетті.
Қазір 31 жастағы тұрғын қамауда отыр. Оның үстінен ҚР ҚК-нің 297-бабы, 3-бөлігі («Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу, аса ірі мөлшерде») бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Осы қылмыс үшін 10 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оған қоса, кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.