Пәтерде қамалып қалған отбасы ауруханаға жеткізілді
Қосшы қаласында полицейлер жергілікті тұрғындармен бірге отқа оранған пәтерден 6 адамды алып шықты, деп хабарлады Polisia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, 15 шілдеде сағат 22:14-те Қосшы қаласының полиция бөліміне «Нұрай» көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерінен өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Отқа оранған үйде 6 адам қалды, үшеуі – кәмелет жасқа толмаған балалар. Олар баспалдақпен түсе алмаған. От дәлізге дейін тарап, кіреберісті көк түтін басқан.
Оқиға орнына барған полицейлер жергілікті тұрғындармен бірге барлық адамды құтқарды. Олар алдымен 5-қабаттан арқан түсірген. Соның көмегімен 3, 10, 11 жастағы балаларды, 18 жастағы қызды, 29 жастағы әйел және 50 жастағы ер адамды 3-қабаттағы балкон арқылы алып шықты. Оқиға орнына өрт сөндірушілер де барды. Бірақ бірден кіре алмады.
Пәтерде қамалып қалған отбасы ауруханаға жеткізілді. Оларға медициналық көмектің қажеті болмады.
Қазір 3 кіреберістің тұрғындары толық эвакуацияланды. 10 адам қонақ үйге орналасты.