Halyq Uni логотип
×

Жетісу облысында 30 жыл бойы жарықсыз отырған ауыл бар

Әкімдік енді ғана жарықтандыру жұмыстарына 220 млн теңгеден аса қаражат бөліп отыр

 Еркеғали Болатұлы 16.07.2023 | 11:54
Жетісу облысында 30 жыл бойы жарықсыз отырған ауыл бар
фото: ашық дереккөз

Жетісу облысында 30 жыл бойы өркениеттен ажырап қалған, әлі күнге дейін жарықсыз отырған ауыл бар. Кербұлақ ауданына қарасты Сарыбұлақ елді мекеніне тартылған электр желісі 90-жылдары қолды болып кеткен. Содан бері тұрғындар майшам, генератор немесе баламалы қуат өндіретін құрылғыны пайдаланып келеді. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.

Бұл оншақты отбасы түтінін түтетіп отырған ауылдың өзекті мәселесін кезінде шетелдіктер шешпек болған. Нақты айтқанда, 2011 жылы елді мекенге оңтүстік кореялық компания күн электр станциясын тарту еткен. Сол кезде жергілікті атқамінерлердің ешқайсысы оны мемлекет меншігіне қабылдап алмаған. Бас иесіз нысан небәрі 2 жылдай жұмыс істеп, артынша істен шықты. Соның салдарынан ауыл тұрғындары тағы да жарықсыз қалған.

Жобаны іске асырған компания станция жанынан ұңғыма қазып, ауылға ауызсу шығарып берген. Қуат көзін өндіретін құрылғы бұзылғалы суағардан тамшы да тамбай тұр.

Бүгінде аудандық әкімдік жарықтандыру жұмыстарына 220 млн теңгеден аса қаражат бөліп отыр. Тендерді жеңіп алған мердігер мекеме электр желісін ауылға дейін жеткізіп, қазір үйді-үйге тоқ тартуға кіріскен.

Мердігер тарапынан 15 көше шамын орнату жоспарланып отыр. Жұмыстар толық аяқталғанда электр желісін береміз. Электр желісімен қатар, ауыз су жүйесін, ұңғымадағы насосты іске қосып беруді жоспарлап отырмыз. Сол кезде тұрғындар ауыз сумен, электр желісімен қамтылады, - деді аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Абылай Орынтай.

Қазір Сарыбұлақ пен іргелес жатқан Қазынсу мен Шилісу ауылдарына да көше шамдары орнатылып жатыр. Сондай-ақ кірме жолға жаңадан асфальт төселіп, 4 елді мекеннің көлік қатынасы жақсара түскен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама