Halyq Uni логотип
×

Атырауда 30 млн теңгені жымқырған туристік фирманың директоры сотталды

Клиенттердің ақшасын жеке қажеттілігіне жұмсаған

 Динара Амантай 15.07.2023 | 12:42
Атырауда 30 млн теңгені жымқырған туристік фирманың директоры сотталды
Фото: Halyq Uni

Атырау қаласы №2 сотында 31 эпизод бойынша бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша туристік фирманың директорыны қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, сотталушы ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы және директоры бола отырып, туристік қызметтер кешенін көрсеткені үшін жәбірленушілермен шарттар жасасып, бұл ретте клиенттерден бастапқы 30% және түпкілікті 100% төлем қабылдап, жәбірленушілерді алдау және сенімдерін теріс пайдалану жолымен қаржыларын иемденген. Бұл қаражатты туристік жолдамаларды сатып алу үшін туристік операторларға аудармай, жеке қажеттілігіне жұмсаған. Салдарынан жәбірленушілер өздерінің туристік жолдамаларын ала алмау себебінен демалысқа шыға алмаған. Барлық эпизодтар бойынша 31 жәбірленушіге жалпы 30 млн 731 мың 800 теңге көлемінде мүліктік залал келтірілген.

Сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспей, жәбірленушілердің қаражатын жұмысшыларға жалақы, бонустар төлеуге, компанияның шығындарын жабуға, офисті жалға алуға, коммуналдық төлемдер төлеуге және бизнесті жандандыру үшін алынған несиелерді төлеуге жұмсағанын көрсеткен.

Алайда, сот отырысында сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, екінші деңгейдегі банктердің үзінділерімен расталып, жәбірленушілер мен ЖШС арасында туристік қызметтер көрсетуге шарттар жасалғаны, жәбірленушілердің туристік жолдама алуға төлеген ақша қаражаты менеджерлермен қабылданып, толықтай серіктестіктің есеп-шотына аударылғаны, ал бұл қаражаттарды одан әрі пайдалануға тек директор ғана құқылы болғандығы және бұл қаражаттарды жәбірленушілердің жолдамалары үшін туристік операторларға аударылмағаны өз дәлелін тапқан.

Сот туристік фирманың директорын ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесі белгіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама