Бас прокурор ерекше балалар тәрбиеленетін мекемелерді тексеруді тапсырды
ҚР бас прокуроры Берік Асылов Ақтөбедегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жәбірленгені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Прокурорлар мекемедегі камера жазбасын шолып, қызметкердің балаларды бірнеше рет ұрып-соққанын анықтаған.
«Ерекше балаларға зорлық-зомбылық көрсету адамгершілікке жатпайды. Ақтөбедегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің балаларды жәбірлеу фактісі бойынша қатаң шара қолданылады. Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі бойынша тергеу басталды. Тергеу барысы бақылауға алынды», - деді Берік Асылов.
Бас прокурор тек Ақтөбедегі емес, Қазақстан бойынша осыған ұқсас мекемелерді тексеруді тапсырды.
Еске сала кетейік, Ақтөбедегі орталық қызметкері тәрбиеленушілерді аяусыз соққыға жықты деген күдікке ілінді. Мекемеде ақыл-ой кемтарлығы бар, церебральды сал ауруына, Даун синдромына және олигофрения ауруына шалдыққан балалар тәрбиеленеді.