Астанада есірткі сатқан 19 жастағы делдал ұсталды
Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Астанада интернет дүкен арқылы синтетикалық есірткі сатқан күдікті ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Елорда полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қабанбай батыр көшесінде тікелей байланыссыз интернет дүкен арқылы есірткіні өткізген 19 жастағы астаналық жігітті анықтады. Есірткіні өткізуші халық көп жиналатын орындарға, орталық саябаққа жасырып қойып кету арқылы есірткіні белгілі бір жерлерге қалдырып отырған.
Жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында жас жігіт қылмыс жасағанын мойындаған және интернет дүкеннің жұмыс жүйесі және ол жерден алатын заңсыз сыйақы туралы айтып берген. Жеке тінту барысында одан ішінде синтетикалық есірткісі бар 40 түйіншек табылып, тәркіленді. Алынған мефедрон – синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 40 грамм немесе 150 рет қолданылатын доза, – делінген хабарламада.
Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Елорданың 19 жастағы тұрғыны Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Есірткіні өткізуге бірге қатысқандарды анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.