Halyq Uni логотип
×

«Балалар кітапханасы» бағдарламасы бойынша көркем әдебиеттер тізімі жасалды

Оған 2 мыңға жуық шығарма енді

 Динара Амантай 14.07.2023 | 15:52
«Балалар кітапханасы» бағдарламасы бойынша көркем әдебиеттер тізімі жасалды
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны іске асыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрілігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасында «Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптардың тізімі жасақталды. Оған қазақ әдебиеті тарихының барлық дәуірі мен кезеңін, жанрлық бағытын қамтитын 1 770 шығарма енді. Оның 76%-ы – отандық, 24%-ы – әлем әдебиетінің таңдаулы еңбектері.

Отандық шығармалар қатарына Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Бердібек Соқпақбаев сынды қаламгерлердің шығармалары енді. Ал әлем әдебиетінің тізімінде Эрнест Хеменгуэй, Джек Лондон, Рабиндранат Тагор, Александр Островский, Вальтер Скот, Михаил Лермонтовтың еңбектері бар. Тізімді жасақтау үшін арнайы құрылған комиссия қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, мектеп кітапханашылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін ескерді.

«Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптардың тізімін жасақтау үшін арнайы тәуелсіз қоғамдық комиссия құрамына Ұлттық ғылыми академиясы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкерлері, Ұлттық академиялық кітапхана, Оқу-ағарту министрлігінің республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы мен Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының мамандары кірді. Олар бірнеше кезең бойынша талқылаулар жүргізіп, барлық жанрлық бағыттарды қамтыды. Жасақталған тізімнің 40%-ы – көне классикалық әдебиет, 30%-ы – «Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет», 24%-ы әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерінен тұрады, – деді Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Әлия Сайдембаева.

«Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты – мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету, балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту.

Айта кетсек, бүгінде мектептердегі балалар әдебиетінің қоры – 40 миллионға жуық. Электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама