Мәселе студенттер мен оқытушылардың наразылығын туғызып жатыр
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқу корпустары мен жатақханаларын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу проблемасы әлі күнге дейін шешімін таппай жүр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram арнасында жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жұмыс сапарымыз аясында осы университетке барып, Қарағанды қаласының әкіміне, «Теплотранзит Қарағанды» компаниясының басшысына және басқа да құзырлы мекемелерге бұл мәселені шешу бойынша талаптарымызды жеткіздік. Дәл жанындағы тұрғын үйлерді жылуға қосады да, университеттің жылуға қосылу мерзімдерін ауыстыра беретіні – студенттер мен оқытушылардың наразылығын туғызып жатыр. Бұл әділетті наразылық деп санаймын. Университетті қосу үшін мүмкіндік жоқ екен, ал жанында салынып жатқан жекеменшік көпқабатты үйлерді қосу мүмкін екен. Парадокс қой, – деп жазды депутат.
Кездесу барысында проблемаларды жою бойынша бірқатар шешімдер айтылған. Бірінші кезекте, биыл бірнеше жатақхана жылуға қосылса, ал келесі жылы үшінші жылу шығарғыш біткеннен кейін қалғандарын қосу мәселесі сөз болды.
Бұған қоса Асхат Аймағамбетов аталмыш мәселе депутаттардың бақылауында болатынын жеткізді. Үшінші жылу шығарғышты тезірек салып бітіруге де атсалысатындарын атап өтті.