Mercedes жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен
Петропавлда көлік басып кеткен тұрғынға жіберілген фельдшер де жарақаттанып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін сағат 00:10 шамасында Петропавл қаласы Қожаберген жырау көшесінде жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан ВАЗ 2114 автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі белгіленбеген жолдан өтпек болған жаяу жүргіншіні басып кеткен. 19 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты.
Қайғылы оқиға болған жерге полиция мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлері барған. Артынша, сағат 00:30 шамасында оқиға орнына жақын маңда тоқтап тұрған Hyundai H350 жедел жәрдем көлігін жолай өтіп бара жатқан Mercedes-Benz 124 келіп соққан. Апат салдарынан 22 жастағы фельдшер медициналық мекемеге жатқызылды. Ал Mercedes көлігінің 37 жастағы жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Көп ұзамай, оны полиция қызметкерлері ұстады.
Аталған деректер ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі және 345-1-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Көлік құралдары мамандандырылған тұраққа қамалды.
Полиция қажетті сараптамаларды тағайындау және түпкілікті іс жүргізу шешімін қабылдау үшін материал жинап жатыр.