Павлодар облысында 3 жасар қыз батарея жұтып қойған
Бала жансақтау бөліміне түсті
Павлодар облысында кішкентай қыз батарея жұтып қойды, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Оқиға маусымның басында болған. 3 жасар қыз жалпақ батареяны жұтып, өңештің 2-3 дәрежелі химиялық күйігін алған. Бүлдіршін Павлодар облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылған.
Баланың тыныс алуы қиындады. Сондықтан оның жағдайы ауыр болды. Пневмомедиастинум, өңештің химиялық күйігі, интоксикация деген диагноз қойылды. Батарея эндоскопиялық жолмен алынды, - деп жазылған хабарламада.
Шілденің басында бала стационарлық ем алғаннан кейін ауруханадан шығарылды. Оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды.
Дерекке сүйенсек, кішкентай балалар көбінесе тиын, ойыншықтардың ұсақ бөлшегін, түйме, сырға, сақина, қағаз қыстырғыш, ине, түйреуіш, тіс тазалағышты жұтып қояды. Сондай-ақ шағын батарея, магнит және гидрогель шарын жұту дерегі жиі тіркеледі, - деп жазылған хабарламада.
Соңғы 5 айда өңірде 28 бала бөгде затты жұтып қойып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.