Марқұмның туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр
Орал қаласының 29 жастағы тұрғыны Таңшолпан Мұқанова перзентханаға түскеннен соң 10 күн комада жатып, түнде қайтыс болды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Марқұмның туыстарының айтуынша, құрсағында жеті айлық сәбиі бар келіншекке дәрігерлер мүлдем көңіл бөлмей, қараусыз қалдырған. Осының кесірінен Таңшолпанның халі нашарлап, жансақтау бөліміне түскен.
Перзентханаға 13 сәуір күні түскен Таңшолпанның бес күн бойы қан қысымы көтерілген. Дәрігерлер оның халі нашарлап кеткенін көргеннен кейін ғана таңға дейін система салып, сәбиді кесерь тілігімен алған. Туыстары осы отадан кейін Таңшолпанның комаға түскенін естіген.
Енесі Жаңыл Иманқұлованың айтуынша, науқастың аузынан көбігі ағып, әбден халі нашарлағанға дейін не акушер, не медсестра қарамаған.
Таңшолпанның анасы Бибігүл Мұқанова да акушер екен. Ол құрсағында жеті айлық сәбиі бар қызының ауыр халге түсуіне әріптестерінің біліксіздігі мен салғырттығы себеп болғанын айтады.
Мұндайда уақыт оздырмай, басшылық пен жақын туыстарына бірден хабарласып, шұғыл түрде санавиациямен бас қалаға жіберу керек еді, - дейді Таңшолпанның анасы.
Науқасқа ота жасаған нейрохирург Таңшолпанның отаға келгенде жағдайы өте ауыр болғанын, миына қан кетіп қалғанын, әйел жас болғасын ғана ағзасына мүмкіндік беріп, ота жасағанын айтқан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Балықов науқастың «преэклампсия» диагнозымен түскенін, жағдайы нашарлағасын шұғыл кесарь тілігі жасалғанын, кейін облыстық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылғанын айтты. Оның айтуынша, перинаталды орталық қызметкерлерінің әрекетін тексеру үшін комиссия құрылған.
Қазір кесарь арқылы өмірге келген сәбидің жағдайы қалыпты. Ал, марқұмның тұңғышы төрт жаста, ол әлі күнге дейін үйінде анасын тосып жүр....
Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы