Қазақстанның бірнеше қаласында қылмыстық топтың 20 мүшесі ұсталды
Олардан атыс және суық қарулар, сондай-ақ есірткі заттары тәркіленді
Қазақстанның бірнеше қаласында қылмыстық топтың 20 мүшесі ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 4 шілдеде ведомство қызметкерлері Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, Батыс Қазақстан облысының прокуратурасының үйлестіруімен Алматы, Орал және Ақсай қалаларында екі қылмыстық топтың іс-әрекетінің жолын кесу бойынша бір мезгілде арнайы операция жүргізген.
Бопсалау, бұзақылық және тонау күдігімен қылмыстық топтың 20 қатысушысы ұсталды. Бірқатар тінту шаралары өткізіліп, нәтижесінде атыс және суық қарулар, сондай-ақ есірткі заттары тәркіленді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілердің бас пайдалары үшін бейбіт азаматтарды қорқытқандары белгілі болды. Өз кезегінде жапа шеккендер физикалық зорлық-зомбылықтан қауіптеніп, ішкі істер органдарына жүгінбеген.
Қылмыстық топтың құрамында бұрын сотталғандар және деструктивті діни ағым өкілдері болған. Олардың бір-бірімен текетіресте болғандары және белгілі бір аймақтарда өз әмірлерін жүргізу үшін қару қолдана отырып, қақтығыстарға барғандары белгілі болды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.