Халық қаһарманы қарттар үйіне барды
Ол орталыққа арнайы сыйлығын тарту етті
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов Шығыс Қазақстан облысындағы қарттар үйіне барды, деп хабарлады Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Глубокое ауданы Солнечное кентіндегі қарттар үйіне Қайрат Үмбетовпен бірге запастағы полковник Айдар Оразбаев, ШҚО ПД басшысының орынбасары, полиция полковнигі Медет Бердімұратов барды.
Халық қаһарманы қариялардың жағдайын сұрап, Астана күнімен құттықтады.
Былтыр сіздерге келгенбіз. Биыл да келіп отырмыз... Астана күні мерейтойы қарсаңында сіздерге мерекелік көңіл-күй сыйлауды жөн көрдік. Сіздермен байланысымыз үзілмейді, - деді Қайрат Үмбетов.
Ол ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына қарасты Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы әкелген сыйлығын тарту етті.
120 қартты бағып-қағып отырған мекемемізге Халық қаһарманының келуі – үлкен мәртебе. Бізге қарай ат басын бұрғандарыңызға қуаныштымыз. Келген қадамдарыңыз құтты болсын! Ән-би ансамблінің қыз-жігіттеріне де айтар алғысымыз айрықша. Өнерлеріңіз үстем болсын! - деді қарттар үйінің директоры Ерболат Ошақбаев.
Осыдан кейін қариялар үшін арнайы концерт қойылды.
Әскери қызметкер әрі әнші қыз-жігіттердің өнеріне тәнті болдық. Солист Денис Яковлев «Құсни Қорлан» әнін қазақ тілінде шырқағанда, көзіме жас келді. Талабы таудай жастарға басымды иіп, осындағы үлкендердің атынан алғыс айтамын. Қызметте табысты болыңдар! - деді Тұрсын Қусанова атты зейнеткер.