Алматы әуежайын басып алу ісі: 5 адамға сот үкімі шықты
Алматыда Қаңтар оқиғасы кезіндегі әуежайды басып алу ісі бойынша 5 адам бас бостандығынан айырылды
Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алмақ болғандарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Сот үкіміне сәйкес, Айгерім Тілеужанова 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырыды деп танылды. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев пен Жанайдар Карменов әуежайға шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, сот процесі 2023 жылдың 30 наурызында басталды. Іс қылмыстық кодекстің 272-бабы («жаппай тәртіпсіздік»), 269-бабы («ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу») бойынша қаралды.