Қарағандыда синтетикалық есірткі даярлайтын зертхана анықталды

Динара Амантай

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: polisia.kz

Қарағандылық полицейлер синтетикалық есірткі даярлайтын зертхананы анықтады, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 4 шілдеде Қарағанды қалалық ПБ-ның есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы барысында қаладағы саяжайлардың бірінен 28 жастағы азаматты ұстады. Ер адам қала аудандарының әр жерінде 20-30 орамнан синтетикалық есірткі жасырып кеткенін мойындады. Оның синтетикалық есірткі жасырған жерлеріне жүргізілген тінту жұмыстары барысында полицейлер 3 орам, жалпы салмағы 100 грамм болатын синтетикалық есірткіге ұқсас заттарды тәркіледі.

Күдікті жалға алған пәтерді тінту барысында синтетикалық есірткі өндіретін зертхана табылды. Полиция қызметкерлерімен оқиға орнынан синтетикалық есірткі затын дайындауға арналған индукциялық тақта, екі термометр, екі респиратор, пластикалық ыдыстар және синтетикалық есірткіні өлшеуге арналған заттар, сондай-ақ сатуға дайын 500 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді. Есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу – Ішкі істер министрі алға қойған басым міндеттердің бірі. Осы бағытта біздің департамент қызметкерлері бұл жұмысты тұрақты негізде жүргізіп келеді, – деді Қарағанды облыстық ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың синтетикалық есірткі екені белгілі болды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.