Моңғолияда қазақтардың IV кіші құрылтайы өтті
7 шілдеде Баян-Өлгейдегі Мұхамедқали Құрманхан атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Моңғолияда қазақтардың IV кіші құрылтайы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Салтанатты жиынды Баян-Өлгей аймағының басшысы Камелият Ахмедияұлы ашты. Ол атажұрт Қазақстаннан келген құрметті делегация мүшелеріне алғыс айтып, осынау құрылтайдың Моңғолия мен Қазақстан қатынастарына, оның ішінде 100 мыңнан аса қазақ шоғырланған аймақтың Қазақстанмен рухани байланысына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Алқалы жиынға арнайы келген Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кіші құрылтай қатысушылары мен Моңғолия қазақтарына арнаған құттықтау сөзін оқып берді.
Қадірлі бауырлар! Сіздерді Моңғолиядағы қазақтардың IV құрылтайының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Алтайдың арғы бетін мекендеген қандастарымыз ұлттық болмысын, тілі мен салт-дәстүрін сақтаған іргелі жұрт болып отыр. Бұл алыстағы ағайынның тамыры берік, рухы биік екенін білдіреді. Сондай-ақ бауырлас Моңғол елінің қазақ халқына шынайы тілеулестігін және екі ел достығы тамырын тереңге жайғанын көрсетеді.
Кезінде тағдырдың жазуымен тарыдай шашылған қазақ баласы Қазақстан егемендігін алғаннан кейін атажұртқа ағылды. Ұлы көштің басында Моңғолиядағы қандастарымыз тұрды. Алғашқы лекпен келген бауырларымыз бүгінде өркен жайып, өсіп-өніп отыр. Олардың арасында елімізді дамытуға зор үлес қосып жүрген білімді, білікті азаматтар көп.
Мемлекет қашанда шетелдегі қазақтардың мәселесіне баса мән берді. Атажұртқа оралуға ниеті бар адамдар үшін барлық жағдай жасалған. Қазақстан азаматтығы мен қандас мәртебесін алу тәртібі жеңілдетілді. Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін арнайы «Ата жолы» картасы енгізілді. «Отандастар қоры» арқылы шетелдегі бауырларымызбен жан-жақты қарым-қатынас нығая түсті. Алдағы уақытта мұндай ауқымды шаралар жалғаса береді. Алтайдағы ағайынның басын қосып, құрылтай шақырған азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға амандық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!», - деп жазылған хатта.
Сондай-ақ жиында «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы аймақ халқының риясыз көңілі мен шын ықыласына алғыс айтты.
Ол қор жұмысының негізгі бағыттары мен мақсат-міндеттеріне тоқталды: жастардың білім алу, мамандық таңдау, жас буынның түрлі тарихи танымдық жобаларға белсене қатысуы, қазақ дәстүрлері мен рухани құндылықтарының шетелдердегі қандастар арасында сақталуы, Қазақстанның шеттегі қазақтарды және көшіп келетін қандастарға қолдау шаралары.
Жиында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Нургул Тау, Жарқынбек Амантай, Үнзила Шапаққызы да сөз сөйледі. Олар қазақ-моңғол қатынасында қандастардың «алтын көпір» болатынына кеңінен тоқталып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтататын бірқатар мәселені шешу керегін атап өтті.
Депутат Унзила Шапактың пікірінше, аймақаралық Өскемен – Өлгий – Ховд әуе рейстерінің ашылуы, Баян-Өлгийде немесе Ховдыда Қазақстан Консулдығының ашылуы қос ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді.
ҚАНДАСТАР МАРАПАТТАЛДЫ
Сонымен қатар құрылтайда қазақ мәдениеті мен тілінің дамуына ерекше үлес қосқан белсенділер, зиялы қауым өкілдері және өнер қайраткерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Моңғолиядағы қазақ зиялысы Қабсаттар Омарұлы мен кәсіпкер-меценат Мұрат Дәкейұлына «Шапағат» медалі, еңбегі сіңген бір топ азаматқа Қазақстан Президентінің Алғыс хаты төсбелгімен бірге тапсырылды.
Сондай-ақ, Отандастар қорымен белсенді жұмыс істеп жүрген азаматтар Қоғамның естелік медальдеріне ие болды.
«ШАПАҒАТ» медалі табысталды:
«ОТАНДАСТАР» қоры алғыс хаты және «Алғыс» естелік медалі: