Осыған орай қалада шектеу шаралары енгізіледі
Бүгін Нұр-Сұлтанда ұрыс жағдайына барынша жақындатыла отырып, лаңкестік актілерге қарсы оқу-жаттығу өтіп жатыр. Бұл туралы астананың терроризмге қарсы шұғыл штабы мәлімдеді.
Таратылған ақпаратқа сәйкес, оқу-жаттығу 29 сәуір күні сағат 08.00-14.00 аралығында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның техникалық жолаушылар паркі аумағында (Шу көшесінің аяқталған тұсы, Әл-Фараби – Қошқарбаев көшелерінің қиылысы) өтеді.
Іс-шара мақсаты – шұғыл штаб күштері мен құралдарының лаңкестік әрекеттерге дереу жауап қайтару бойынша дайындығын тексеру.
Оқу-жаттығу түрлі күрделі элементті қамти отырып, ұрыс жағдайына барынша жақындатылған. Техникалық жолаушылар паркі маңайында шектеу шаралары қарастырылған. Осыған байланысты азаматтардан өткізіліп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және жұмылдырылған мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырамыз, - дейді терроризмге қарсы шұғыл штаб.
Бұған қоса Қазақстанның Қарулы күштері ҰҚШҰ-ға мүше елдермен оқу-жаттығу өткізуге дайындалып жатқаны белгілі.