Онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді
Ақмола облысында ер адам көпқабатты үйдің төбесінен секірмек болған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, әйелімен жанжалдасқан 39 жастағы ер адам үйдің төбесінен секіргісі келген. Степногорск қаласы ПБ-ның кезекші учаскелік инспекторы Болат Қонақбаев, взвод командирі Тельжан Мұхтаров және ППВ инспекторы Асылжан Омаров суицидтің алдын алды.
Оқиға 7 шілдеде кешке Степногорск қаласының көпқабатты үйлерінің бірінде болған.ПБ кезекші бөліміне көрші пәтерде жанжал болып жатқандығы туралы хабарлама түскен. Шақыру орнына барған полицейлер 4 қабатты үйдің шатырының шетінде ер адамның тұрғанын байқаған. Сосын бірден шатырдың кіреберісі арқылы ойланбастан 4-қабатқа көтеріліп, ер адамды түсірген.
Бұл ретте жігіт мас болған және қызғаныштың себебінен азаматтық некедегі әйелімен жанжалдасқаннан кейін оны осылай қорқытуға шешім қабылдаған. Осы уақытта оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы келіп, ер адамды Степногорск қаласындағы аймақтық психиатриялық ауруханаға жеткізді. Тексеруден кейін мамандар ер адамда суицидтік ойлар мен психикалық бұзылулар анықталмағанын хабарлады.
Ер адамға қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы ҚР ӘҚБтК 73-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, қорғау нұсқамасы шығарылды. Ер адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілді.