СҚО-да қос бірдей ауылдың тұрғындары радиацияланған су ішіп отыр
Дәрігерлер тұрғындарды тұрақты түрде скринингтен өтіп тұруға шақырды
Солтүстік Қазақстан облысында шамамен 200-ден астам ауыл тіршілік нәріне жарымай отыр. Шал ақын ауданындағы 42 елді мекеннің 36-сында әлі орталықтандырылған су желісі жоқ. Ең өкініштісі, мұндағы Сухорабовка мен Ольгинка ауылдарының халқы радиацияланған су ішуге мәжбүр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ольгинка ауылы Петропавл қаласынан 230 шақырам жерде орналасқан. Бұл әйгілі ғарышкер - Александр Викторенко туған ауыл. Мұнда қазір шамамен жүзден астам үй тұрады. Байланыс жоқ, интернет ұстамайды. Елді мекенде таза су жоқ. Құдықтағы су радиацияланған, ішуге қауіпті.
«Біз былтыр күзде Оңтүстік Қазақстан облысынан көшіп келген едік. Ауылда бірнеше құдық бар екен. Барлығының суын ішіп көрдік. Мына бір құдықтан көбіне кір жууға аламыз. Оның өзінде таза емес. Қайнатсақ, шәйнектің түбі таттанады», - дейді Ольгинка ауылының тұрғыны Гүлбахар Әлметова.
Ольгинка ауылында 30 жылдан астам уақыттан бері тұрып жатқан Инна Крейдуннің айтуынша бұл суды халық тұтынады. Одан қалды малға береді. Тіпті бау-бақша үшін де пайдаланады. Себебі, елді мекенге таза су тасымалданбайды. Ол тиімсіз. Себебі қыста жолды қар басып қалады. Қазір ауылдағы құдықтарға эпидемиолог мамандар арнайы ескерту белгілерін ілген. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан халық жоқ. Қос ауылдың халқы тұтынып отырған судың радиациялық көрсеткіші жоғары екенін мамандар да дәлелдеген.
«2010 жылдан бері біз мониторинг жүргізіп келеміз. Екі ауылдағы құдықтардың радиациялық қауіпсіздік коэффиценті 1-ден жоғары. Бұл дегеніміз судың құрамында радионуклеидтер шамадан тыс көп деген сөз. Сондықтан алдағы уақытта оның құрамын тереңірек зерттеуіміз қажет», - дейді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлнәр Жақсылықова.
Ауылдағы мәселені әкімдіктегілер де жақсы біледі. Бірақ жауаптылар неге шара қолданылмай отырғанын қаржының бөлінбеуіне әкеліп тіреп отыр.
Бұл ауылдардың маңынан Көкшетау топтық су құбыры өтеді. Сондықтан осыдан бірнеше жыл бұрын Су ресурстары комитеті арнайы жоба әзірлеген еді. Алайда шаруа қаржыға келіп тіреліп тұр, - дейді Шал ақын ауданы әкімінің орынбасары Саят Омаров.
Сухорабовка мен Ольгинка ауылдарына ауыз су қашан жететіні белгісіз. Ал, дәрігерлер тұрғындарды тұрақты түрде скринингтен өтіп тұруға шақырды. Ол үшін тіпті медицина қызметкерлері ауданнан арнайы барып, тексеріс жүргізуге дайын.
Жалпы Шал ақын ауданының 59% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Себебі 18 мыңға жуық тұрғынның 8 мыңы аудан орталығы Сергеевка қаласында тұрады.