Соның бәрі уланған адамдарға қызмет көрсеткен
Түркістан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов Кентау дәмханасындағы жаппай улануға қатысты тергеудің алғашқы қорытындысын жариялады.
Тергеудің алғашқы нәтижесі «Ризик Рауана» дәмханасында ұсынылатын қуырылған тауық етінде сальмонеллез қоздырғышы бар екенін көрсеткен.
Фаст-фуд дәмханалары қызметшілерінің денесінен де өмірге қауіп төндіретін бактериялар табылған. Алты қызметшіден алтын стафилококк ауруы анықталды. Ал соның бәрі уланған адамдарға қызмет көрсеткен. Қазір оларды дәрігерлер бақылап жатыр. Тергеу жалғасуда.
Зертханалық зерттеуге алынған 37 азық-түлік сынамасының 16-сында оң нәтиже анықталды. Ауру ошағынан алынған өнімдердің ішінде микробиологиялық сынамалар бойынша тауық өнімдерінен сальмонеллез анықталды. Сонымен қатар, осы тамақ орнында қызмет көрсететін аспаз, аспаздың көмекшісі, даяшы, техник, кассир, жеткізу қызметінің өкілінен алтын түсті стафилококк анықталды. Салат дайындайтын және асхана қызметшісінен сальмонелла қоздырғыштары табылды, - деді Нұрбек Нышанов.
Еске сала кетсек, науқастардың көбі – кәмелетке толмағандар. Шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет еткендердің арасында 3 жүкті әйел бар. Қазір үйлеріне шығарылғандардың өзі дәрігерлердің бақылауында.