Қазақстанда күн сайын балаларға қарсы 6 қылмыс жасалады – балалар омбудсмені
Қазір 3 млн-ға жуық отбасы көмекке мұқтаж, ал баланың әл-ауқаты отбасының әл-ауқатымен тікелей байланысты
Қазақстанда күн сайын 1-2 бала өз-өзіне қол жұмсайды немесе жұмсауға тырысады. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балаларды қорғау жүйесін күтіп тұрған өзгерістер туралы айтты, деп хабарлады Halyq uni.
Балалар омбудсмені Динара Зәкиева Қазақстан президентінің қабылдауында болып, балаларды қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарын баяндаған. Оның пікірінше, ең алдымен отбасыларға көмек көрсететін және оларды қиын жағдайдан шығаратын жүйе мен инфрақұрылымды құру қажет.
Қазір 3 млн-ға жуық отбасы көмекке мұқтаж. Ал баланың әл-ауқаты отбасының әл-ауқатымен тікелей байланысты. Сол себептен бұл функцияны заңмен әлеуметтік қорғау саласына бекіту және 152 ауданда Отбасын қолдау орталығын ашу туралы жеткіздім. Сонымен катар әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейтуге бөлек тоқталдым. Қазір елімізде ерекеше қажеттіліктері бар 104 мың бала бар. Олардың және де жетім балалардың өзекті мәселелерін шешетін ұсыныстар айттым, - деді ол.
Сондай-ақ ерекше балалар мен ауылда тұратын баларға арналған инфрақұрылымды дамытуы қажет екенін атап өтті. Бүгінде еліміздегі балалардың 47 пайызы ауылда тұрады, алайда оларға қажетті инфрақұрылым саны жеткіліксіз.
Күн сайын балаларға қарсы 6 қылмыс, ал балалар арасында 5 қылмыс жасалады. Күніне 1-2 бала өз-өзіне қол жұмсайды немесе жұмсауға тырысады. Жылына 100 бала терезеден немесе ашық жатқан люктерге құлап кетіп жатыр. Сондықтан заңға балаларға жасалған қылмыстарға берілетін жазаны қатаңдататын, бұл нәрселердің алдын алатын және бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жауапкершілікті күшейтетін түзетулерді енгізу үшін жұмыс істейтін боламыз. Сонымен қатар, отбасыларға, әйелдерге, балаларға арналған мемлекеттік бірыңғай байланыс орталығын құру да маңызды, - деп қосты омбудсмен.
Бұған қоса, ол балаларға арналған мемлекеттік мекемелердің жағдайын да жақсарту керек деген пікірде. Оның мәліметінше, еліміздегі 577 интернаттың жартысы жөндеуді қажет етеді.
«Мемлекеттік 120 лагерь бар, олардың да жағдайы нашар. Сондай-ақ балаларға қызмет көрсететін ұйымдарға арналған бірыңғай ережелер мен талаптар енгізу қажет, өйткені кейінгі кездері мекемелерде балалардың жарақаттануы, құқықтарының бұзылуы жиілеп кетті», - деп толықтырды сөзін Динара Зәкиева.