Полицейлер оқиға орнына жедел жәрдем шақырған
Астана қаласының полицейлері балабақшалардың бірінде тәрбиешілерді мас болып, ес-түссіз жатқан жерлерінен тапқан. Ал балалар ересектердің қарауынсыз қалған.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл сорақылық туралы ақпарат «102» арнасына 4 шілдеде түскен.
Жедел жеткен полиция қызметкерлері деректі растады. Олар оқиға орнына жедел жәрдем қызметін шақырған. Балалар ата-аналарына тапсырылды.
Дерек бойынша Байқоңыр аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі («Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша соталды тергеп-тексеруді бастады. Енді соның қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.
Одан бөлек, осы мәселеге қатысты бізге Астана қаласының білім басқармасы арнайы түсінік берді. Олардың мәліметінше, аталған «Даму» мектепке дейінгі ұйымы мемлекеттік білім беру тапсырысынсыз жұмыс істейді екен.
Сондай-ақ Астана қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметінше, «Даму» мектепке дейінгі ұйымы көрсетілген мекенжай бойынша тіркелмеген. Ол 2023 жылдың мамыр айынан бастап, 20 баламен жұмыс істеген. Оқиға кезінде балабақшада 8 бала болған. Ювеналды полиция инспекторлары кәмелетке толмаған 8 баланы ата-аналарына табыстады. Олардың денсаулығына ешқандай зиян келмегенін хабарлаймыз», - делінген ведомство жауабында.
Сонымен қатар, Астана қаласының білім басқармасы осындай тіркелмеген, күмәнді балабақшалар анықталатын болса, мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің 55-68-92; 55-68-64; 55-72-49; 55-68-74 нөмірлеріне хабарласуды сұрайды.