Астанада құрылыс қарқыны бәсеңдеп келеді
Астана халқының саны бір жылда 59 мыңға артып, биыл 1 млн 370 мың адамға жеткен.
Деректерге сүйенсек, 1998 жылы елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана халқының саны 290 мыңдай ғана болған. Бүгінде аумағы 722 шаршы шақырымнан асатын қалаға жыл сайын 50 мыңға жуық жаңа тұрғындар келеді, 30 мың бала туады. Қала әкімі бұл көрсеткіштің бас жоспардың болжамынан бірнеше есе көп екендігін айтқан.
Жеңіс Қасымбек қаланың тез дамуы мен халық санының өсіміне байланысты елорда алдында бірқатар жаңа міндеттер тұрғанын атаған.
Осыған орай біздің алдымызда күрделі міндет тұр, ол – миграцияның жоғары қарқыны жағдайында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша тиімді шаралар кешенін қабылдау, – деген еді әкім жуырда ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Халықтың табиғи өсімі мен үздіксіз көші-қонның әсерінен Астанада шешілуге тиіс бірқатар мәселелер алдыңғы қатарға шықты.
Биыл Астана қаласының 2023 жылға арналған түзетілген және нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 1 триллион 120 миллиард 955 миллион теңге болды. Астана бюджетіне қажет қаржы республикалық және Ұлттық қордан бөлінді.
«СУ БЕРІҢДЕР!»
Жыл сайынғы суды алу мен тұтыну көлемі жылдам артып барады. Мәселен, 2007 жылы су алу көлемі 43,5 млн текше метр болса, 2012 жылы – 60 млн текше метр, 2020 жылы – 105 млн текше метр, 2021 жылы – 110, 2 млн текше метр, 2023 жылы – 122 млн текше метрге ұлғайды. Мамандардың болжауы бойынша, 2030 жылы бұл көрсеткіш 180 млн текше метрге дейін жетеді. Қаланы сумен жабдықтаудың негізгі көзі болып табылатын «Астана» су қоймасынан «Астана су арнасы» кәсіпорыны жыл сайын шамамен 110 млн текше метр су алады. Ал қалған 22 млн текше метр су тапшы деген сөз.
Су тапшылығына шағымданған кей астаналық тұрғындар наразылыққа шығып, «Миллениум саябағы» тұрғын үй кешені маңындағы көшені жапқан. Сегіз күннен бері су жөнді берілмей жатқанын айтқан тұрғындар «су беріңдер!» деп айқайлаған.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, су түнгі сағат 2 мен 5 аралығында ғана беріліп жатыр. Олар 37 градус ыстықта әжетханаға бара алмайтынын айтып, жауапты басшылықтың назар аударуын сұрады.
Жағдай ушығып бара жатқан тұста, қала әкімі Жеңіс Қасымбек видеомәлімдеме жасап, су тапшылығы мәселесін алдағы айларда шешуге уәде берген.
Осы жылдың басында су тапшылығы күніне 25 мың шаршы метр болды. Қазір «Астана су арнасынан» келетін қосымша тағы бір су құбырын іске қостық. Ол осы тапшылықты толығымен жапты. Бүгінде қалада ондай мәселе жоқ. Кеше ғана біз жаңа насос станциясында бірнеше этап бойынша құрылыс жұмыстарын бітірдік. Бұл жаңа станция күніне 35 мың шаршы метр суды беретін болады. Тамыз айында екінші кезең бітеді. Осы нысан және жаңа берілген құбыр 3-4 жылға су тапшылығын болдырмайды, – деді қала әкімі брифингте.
Бұған қосымша «Ертіс-Қарағанды» каналына құбыр тарту жұмыстары басталмақ.
САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСТАР
Елордадағы 2000 жылдардағы құрылыс қарқыны және одан кейінгі 2008 жылы басталған дағдарыс мыңдаған үлескерлерді баспанасыз қалдырды. Елордадағы әдемі жаңа ғимараттардың орнына әртүрлі дайындық дәрежесіндегі құрылыс алаңдары – су басқан іргетастан бастап, үңірейген ғимараттар жылдар бойы бос тұрды.
Бір кездері проблемаға айналған тұрғын үй кешендерін салуға жолы болмаған елордалықтар осы жылдар бойы құрылыс салушы компаниялардың, тұрғын үй басқармалары мен соттардың табалдырығын тозды. Бірақ қаржының, құжаттардың жетіспеушілігінен, құрылыс ережелерін бұзудан тұратын проблемаларды шешу оңай болған жоқ.
2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен проблемалық нысандарды аяқтауды қаржыландыру бойынша елорда әкімдігінің уәкілетті ұйымы «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС құрылды. Енді бұл бағдарлама тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының бекітілуіне байланысты күшін жойды.
Қала көлемі ұлғайған сайын инфрақұрылым, су және жылумен жабдықтау қуаттары тапшылығы негізгі мәселеге айналып отыр. Сарапшылардың айтуынша, астанада алдағы екі жылда техникалық шарттарды алу мәселесіне байланысты салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің саны үш есеге азаяды.
2021 жыл елорда үшін жаңа тұрғын үй нысандарын пайдалануға беру бойынша рекордтық жыл болды. Зейнетақы қорындағы қаржыға 3,2 млн шаршы метр пайдалануға берілді. 2022 жылы тарифтер 2,3 миллион шаршы метрге дейін төмендегенін көрсетті. Екі жыл бұрын елімізде 17 миллион шаршы метр салынса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 15,4 миллион шаршы метрге дейін төмендеген.
Бұл құрылыс саласындағы күрделі дағдарыс. Бүгінде 2023 жылы Астанада 2,5-3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтіліп отырғанын көріп отырмыз. Бірақ сонымен бірге 2024-2025 жылдарға жоспарланған жаңа жобалардың саны былтырдан бері жылу мен электр энергиясына қосылуға техникалық шарттар беруді тоқтатқандықтан үш есеге қысқарды. Биылғы жыл біз үшін азды-көпті қолайлы болады, бірақ келесі жылы біз жеткізудің айтарлықтай жетіспеушілігін сезінеміз. Шамамен 1,5 миллион шаршы метр пайдалануға беріледі, ал елорданың нақты нарықтық сыйымдылығы – жылына қанша тұтынатыны 2-2,5 миллион шаршы метрді құрайды. Яғни, ұсыныс 1,5 миллион шаршы метр болса, іс жүзінде 2-2,5 миллион шаршы метр қажет болады, – деді Лев Тетин.
Мәселен, 2023 жылы 116 тұрғын үй кешенінің басым бөлігі құрылыстың бастапқы кезеңінде екені анықталды. 2019 жылы 150-ден астам проблемалық құрылыс нысандар анықталып, 16 мың үлескер зардап шеккен.
ЖЕМҚОРЛЫҚ СИМВОЛЫ
Ал құрылысы 10 жылдан астам уақытқа созылған метро құрылысы қазақ жемқорлығының символына айналды. Алғаш рет елордада жаңа көлік жүйесін салу мәселесі сонау 2005 жылдың мамыр айында талқыланып, сол кезде Астана әкімдігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен жобаны салуға дайындық хаттамасына қол қойды. Елордада жеңіл рельсті көліктің бірінші кезегінің құрылысы алты жылдан кейін, 2011 жылы басталып, жоспар бойынша 2020 жылдың шілдесіне дейін аяқталуы тиіс болатын. Құрылымдық жағынан жобаға: әуежай депосы, 18 станция және 19 жылжымалы құрам бірлігі кірді. Электр пойызының іске қосылуы 2020 жылдың тамызында жарияланғанымен, пойыз жолы салынып бітпеді.
Әкімнің айтуынша, бүкіл LRT жобасының құны 1,8 млрд долларды құрайды. Оның 347 миллион доллары жұмсалған.
Жеңіс Қасымбек мәслихаттың 2023-2025 жылдарға арналған елорда бюджеті туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы пікірінде LRT құрылысына қаржы көп кететіндігін айтты.
Шындығында, LRT құрылысын аяқтау үшін алдағы екі-үш жылда 250-300 миллиард теңге қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.
2021 жылы, елордалық сот істі болған бұрынғы шенеуніктер мен компаниялардың қызметкерлеріне қатысты LRT жобасын жүзеге асыру кезінде жымқыру ісі бойынша үкімді жойды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» компаниясының экс-басшысы Талғат Арданды «Астана LRT» ЖШС қаржысын жымқыруды ұйымдастырушылар» деп атады. Екеуі де шетелге кеткен, тергеу органдарының мәліметінше, халықаралық іздеу жарияланған.
ТОҚАЕВ СЫНАҒАН МЕКТЕПТЕР
Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, соңғы 10 жылда мектеп оқушыларының саны 1 миллионнан 3,7 миллион оқушыға жеткен. Мектеп құрылысын белсенді қолға алмаса, алдағы үш жылда бір миллион балаға орын жетпейтіндігі айтылады.
Әсіресе Астанада оқшылардың үш ауысыммен оқуы шешілмей келеді. Мұны биыл президент Тоқаевтың өзі сынға алып, Астанада мектеп салу жоспары орындалмай жатқанын айтқан.
2022 жылы 11 мектеп пайдалануға берілуі тиіс болса, тек үшеуі ғана салынған. «Нәтижесінде үш ауысымда оқитын және бала саны көп мектептердің саны артып келеді. Кейбір сыныптарда 30-дан астам оқушы бар. Мұның бәрі білім сапасына әсер етеді», – деді Тоқаев.
Қала әкімдігі мектеп мәселесін тұрақты шешіліп жатқанын айтқанымен, астана әкімдігі мен министрлік есебінің сәйкес келмейтінін көруге болады.
Мәселен, Алтай Көлгінов әкім болып тұрған тұста 2025 жылға дейін Астанада екі ауысымда тағы 120 мың орындық 44 мектеп салу жоспарланған.
Үш ауысымда оқитын мектептерді жүйелі түрде қысқарту және жол бермеу үшін жыл сайын кемінде 10 мектеп салу қажет. Мәселен, үш жылда 70 мың оқушыға арналған 34 мектеп салынды. Биылдың өзінде 23 мыңнан астам орынды мектеп құрылуда, – деді әкім.
Алайда Статистика комитетінің мәліметінше, соңғы үш жылда елордада небәрі тоғыз мектеп пайдалануға берілген. Кейбір деректерге сүйенсек, Астанада 26 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді.
Ал жуықта тағайындалған әкім Жеңіс Қасымбек қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерді еңсере ала ма, жоқ па – уақыт еншісінде.
КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ
Астанадағы келесі бір мәселе – түрлі саладағы мамандардың тапшылығы. Кадр тапшылығы мәселесі астанадағы түрлі деңгейдегі форумдарда талқыланып та жатады.
Соның ішінде елорда әкімдігі үшін денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, азаматтарға қолжетімді медицинаны дамыту басым бағыттардың бірі болып қалып отыр.
Қазір Астана қаласында 176 медициналық кадр, оған қоса 340 орта медициналық қызметкер жетпейді. Әсіресе салалық бағыттағы инфекционист, анестезиолог, реаниматолог, пульмонолог, эпидемиолог маманадардың тапшылығы бар.
Иә, ірі қалаларда медициналық кадрлармен қамтамасыз ету жағдайы азды-көпті көңіл көншіткенімен, Астанаға жақын ауылды жерлерде жалпы тәжірибелік дәрігерлер де жетпей жатады.
Медициналық кадрлардың тапшылығын азайту мақсатында әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлердің жалақысын 30%-ға, жедел медициналық жәрдем қызметкерлерін 20%-ға арттырмақ. Одан бөлек 2023-2026 жылдарға әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бюджеттен 176 грант алуға өтінім беріп отыр.
Билік басына кеңес заманында келген Назарбаевтың есімі астанамен тығыз байланыстыра айтылатын. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болып тұрғанда 6 шілде Астана күні әрі тұңғыш президенттің туған күні ретінде думандата тойланатын.
Ал 5 шілде Астананың 25 жылдығына орай өткен бауырлас қалалардың мерейтойлық форумына бұрыңғы президент Нұрсұлтан Назарбаев көрінген жоқ. Дегенмен Тоқаев бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы көшірудегі еңбегін қысқаша атап өтті. Форумда астананы болашақтың қаласы деп сипаттап, медициналық туризм картасына енгізу жоспар туралы баяндалды.