Астанаға 25 жыл: қаланың ендігі бейнесі қандай болады?
25 жылда біз 33 млн шаршы метр тұрғын үй салынды
Мегаполистердің табыстылығының басты көрсеткіші – оның тұрғындарының өмір сүру сапасы болуы тиіс. Бүгін Астанада бауырлас қалалардың әкімдері мен әкім орынбасарларының форумы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Жаңа перспективалар. Жаңа мүмкіндіктер» мерейтойлық форумына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Ол өз сөзінде тұңғыш президенттің елорданы көшіру туралы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналғанын атап өтті.
Тұңғыш президенттің осы бастамасы жалпұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай екендігіне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет. Басқа сөзбен айтқанда ненің шыңдық, ненің өтірік екенін бағамдай білу керек. Бұл еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе, – деді президент.
Сондай-ақ Астана жасыл қала идеясын жүзеге асыруға айрықша мән беретінін айтты.
«Қазақстанда біз бұл салаға жіті көңіл бөлеміз. Қала құрылысының негізгі векторын Астана белгілейді, ол әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан астаналардың бірі. Соңғы ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы үш есе, ал халқы төрт есе өсті. Сарапшылардың болжамына сәйкес, елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай екі миллионға жетеді. Бұл бір жағынан жақсы, бірақ екінші жағынан үлкен сынақ», – деп қосты ол.
Оның айтуынша, елорда мәртебесін алғаннан бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам өсіп, бүгінде еліміздің ЖІӨ-нің 10 пайызынан астамын құрап отыр.
Алайда, үлкен сандар әрдайым қаланың үйлесімді дамуын көрсете бермейді. Мен біздің қала туралы айтып отырмын. Мегаполистердің табыстылығының басты көрсеткіші, менің ойымша, олардың тұрғындарының өмір сүру сапасы болуы керек. Сондықтан, елордамызды тұрғызу және абаттандыру кезінде біз «адам қала үшін деген емес, қала адам үшін» деген қағиданы ұстануымыз керек. Мұндай адамға бағытталған тәсіл қала билігінің назарын ең алдымен қала тұрғындарының мүдделері мен қажеттіліктеріне аудара отырып, мүлдем басқа стратегиялық бағдарларды белгілейді, – деді президент.
Бұған қоса, ол Астана тұрғындары мен қонақтары үшін барынша қолайлы орта құрудың маңыздылығын атап өтті. Әсіресе қала мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы болуға тиіс.
«Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе. Біз бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру жолын таңдадық және осы бағытта дамып келеміз. Сондықтан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақтастыққа негізделген инклюзивті дамуға айрықша мән береміз. Білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдени-демалыс мекемелері, саябақтар мен қоғамдық орындар қаланың барлық тұрғынына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қала инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Оны мойындауымыз керек. Біз қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жоюымыз керек. Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді», – деді президент.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек 25 жылда қаланың жалпы өнімі 22 миллиард долларға, ал өнеркәсіп 4,3 миллиард долларға жеткенін айтты. Сондай-ақ соңғы жылдары Астанаға 14 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған.
Небәрі 25 жылда біз 33 млн шаршы метр тұрғын үй, 670 балабақша мен мектеп, 100-ден астам мәдени және спорт нысанын салдық. Астана әлемдік деңгейдегі таланттарды, жастарды, туристерді, инвесторларды және компанияларды тартатын креативті экономикасы бар сауда үшін өңірлік хабқа айналды. Шағын және орта бизнеске негізделген қала экономикасының өзін-өзі қамтамасыз ететін құрылымы қалыптасты, – деді әкім.
Айта кетейік, форумға 13 елдің әкімдері, әкім орынбасарлары, делегация басшыларымен бірге жиырмаға жуық елдің өкілдері қатысты.