Транстелеком тұтынушыларын бәсекелестерімен келісімшарттарды бұзуға шақырған

Динара Амантай

Бұл үшін интернетке қол жеткізу қызметтеріне 100% жеңілдік беруге уәде берген

Фото: Halyq Uni

Транстелеком қазақстандықтарды бәсекелес байланыс операторларымен келісімшарттарды бұзуға шақырған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ведомствоның Астана қаласы бойынша департаменті «Транстелеком» АҚ әлеуетті тұтынушыларына белгілі бір операторлардан ауысқан жағдайда (Қазақтелеком, Билайн және т.б.) интернетке қол жеткізу қызметтеріне 100% жеңілдік беру туралы жарнамалық материалды таратқан. Мекеменің бұл қызметін тексеру барысында нарық субъектісін бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру түрінде көрсетілген жосықсыз бәсекелестік белгілері анықталды.

«Алматы Телекоммуникейшнс Қазақстан» АҚ түсірген шағымның аясында тексеріс жүргізіліп, акционерлік қоғамның жарнамалық материал таратқаны белгілі болды. Онда акционерлік қоғам 4 ай мерзімге интернетке қосылу қызметтеріне 100% мөлшерінде жеңілдік ұсынған. Міндетті шарт – үшінші тарап операторларынан көшу, ауысып келу. Акционерлік қоғамның бұл әрекеттері Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 177-бабы 2-тармағын, сондай-ақ 186-бабының 9-тармақшасында көзделген нормаларын бұзу болып саналады, – делінген БҚДА хабарламасында.

Осыған байланысты акционерлік қоғамға заңбұзушылық белгілерін жою жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы хабарлама жіберілді.

Акционерлік қоғам жарнамадағы науқанды жойып, хабарламаны орындады.