Мектепке керек-жарақ пен киім алуға кемінде 100 мың теңге керек – шолу
Биыл кейбір қазақстандықтарға баланы мектепке дайындау қиынға соғуы мүмкін
Қазақстанда бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 100 мың теңге керек, деп хабарлады Ranking.kz.
Шолу Қазақстанның әртүрлі қаласындағы баға саясатында үлкен айырмашылық жоқ бөлшек сауда нысандарының 2 санаты бойынша жасалған. «Детский мир», Ostin, Kari kids, DeFacto, Marwin сияқты дүкендер желісіндегі және елімізде танымал Wildberries және Kaspi.kz маркетплейстеріндегі баға да ескерілді. Түрлі өңірдегі тауарлардың баға айырмашылығына байланысты киім базарларындағы және шағын бөлшек сауда дүкендеріндегі баға есепке алынбады.
Мектепке ең қажет тауарларды сатып алулар тізіміне Қазақстанда бекітілген стандарт негізіндегі мектеп формасы, күнделікті және спорттық аяқ киім, дене шынықтыруға арналған форма, ортопедиялық арқасы бар рюкзак және кеңсе тауарларының жиынтығы енгізілді.
Нәтижесінде 25 маусымдағы жағдай бойынша аталған заттардың жалпы құны 100 мың теңге болды. Ұлдар мен қыздарға арналған заттардың бағасындағы айырмашылық шамалы болып шықты. Бірақ дүкендер мен маркетплейстердегі сауда құнының айырмашылығы – шамамен 10 мың теңге.
Интернетте мектеп формасы мен керек-жарақтарын сатып алу арзанырақ – ұл балаға 95,8 мың теңге, қыз балаға 96,3 мың теңге болса, дүкендер желісінде ұлдарға арналған ең төменгі мектеп жиынтығының құны – 105,5 мың теңге, қыздардікі – 105,6 мың теңге. Алайда бұл соңғы баға емес.
Есептеу әдісі басқа шығындарды есепке алмаған: мұғалімге арналған гүл шоғы, жұмыс және пән дәптерлері, шұлық, бәтеңке, шаш қыстырғыштар, қыздарға арналған ақ гольф немесе колготки, күзгі сырт киім, жарты маусымдық туфли, сынып қорына ата-аналар комитеті жинайтын ақша және тағы басқа.
Тұтыну бағасының индексіне сәйкес, балалар киімі, аяқ киім және кеңсе тауарлары орташа алғанда азық-түлік емес тауарларға қарағанда қымбат. Мысалы, биыл мамырда бұл кеңейтілген топ бойынша инфляция деңгейі 117,2% болса, балалар киіміне – 118,7%-ға, аяқ киімге – 120,1%-ға, кеңсе тауарларына – 167,5%-ға жетті.
Балалар тауарлары бағасының өсу динамикасы оқу маусымына байланысты емес, керісінше, жалпы инфляциямен синхронды. Мұнда айтарлықтай өсім жазда емес, 2022 жылдың соңы мен 2023 жылдың басында байқалды.
Сондай-ақ былтыр тамызда кеңсе тауарлары бағасының күрт өсуімен байланыстыруға да болады. Оқу маусымы басталар алдында кеңсе тауарларының баға индексі шілдемен салыстырғанда 148,5%, жылдық мәнде 160,5% (яғни өткен жылдың тамызымен салыстырғанда) болды. Дегенмен, дәптер, қалам, қарындаш және мектепке қажет басқа да заттардың өте жоғары баға индексі әлі сақталып отыр.
Қазақстандықтардың сатып алу қабілетінің теріс көрсеткішін ескерсек, биыл тұрғындар үшін балаларды мектепке дайындау қиын болады деген болжам бар. Себебі, Қазақстанда жалақы іс жүзінде өспеген, керісінше төмендеген. Биыл қаңтар-наурызда нақты жалақы индексі небәрі 99,4% болды.
Биыл бірінші тоқсанында орташа айлық атаулы жалақы 340,6 мың теңге, медианды («орташа қазақстандықтардың» жалақысы) 225,7 мың теңгеге жетті.
Тұтынуға жұмсалған шығындардың есептік деңгейі бір адамға айына 80,2 мың теңге болды. Оның 19,6 мың теңгесі азық-түлік емес тауарларға жұмсалды. Осылайша, ата-аналардың киім-кешек, аяқ киім және кеңсе тауарларының ең аз жиынтығына жұмсалған құны азық-түлік емес тауарлардың орташа айлық құнынан 4 есе жоғары.
100 мың теңге көптеген отбасы үшін көп ақша екенін ескеру керек, яғни отбасы бюджеті үшін. Оған Ұлттық статистика бюросының деректері дәлел.
Мысалы, 16 жасқа дейінгі балалары бар отбасылардың 77,6%-ы жан басына шаққанда 100 мың теңгеге дейін тұтынуға жұмсайды.
Айына 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейін ақша жұмсауға мүмкіндігі бар балалары бар отбасылар небәрі – 15,8%. 150 мың теңгеден көп жұмсай алатындардың үлесі – 6,6%. Көпбалалы отбасыларда жағдай нашар. Төрт және одан да көп баласы бар барлық үйдің 19%-ы бір адамға айына 10 мыңнан 40 мың теңгеге дейін жұмсайды. Көпбалалы отбасылардың жартысына жуығында (47,9%) тұтынуға пайдаланылатын жан басына шаққандағы орташа табыс 40 мыңнан 60 мың теңге аралығында.
Көпбалалы отбасылардың 4,2%-да ғана адам басына 100 мың теңгеден астам ақша жұмсай алатын мүмкіндігі бар.