Halyq Uni логотип
×

Павлодар облысында мыңға жуық адам қараусыз жүрген малы үшін жауапқа тартылды

Өңірде малды орналастырылатын 146 айып тұрағы жұмыс істейді

 Динара Амантай 05.07.2023 | 13:43
Павлодар облысында мыңға жуық адам қараусыз жүрген малы үшін жауапқа тартылды
Фото: Halyq Uni

Биыл Павлодар облысында қараусыз жүрген мал үшін мыңға жуық адам жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс аумағында жол-көлік оқиғалары мен мал ұрлығының алдын алу мақсатында полицейлер үнемі рейдтер жүргізеді. Жолдарды тексеру кезінде қараусыз мал жиі анықталады. Бүгінде өңірде бақылаусыз жайылып жүрген мал орналастырылатын 146 айып тұрағы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 985 мал иесі жауапқа тартылды, – деді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов.

Мәселен, 29 маусымда Май ауданының Ақжар ауылында ауыл тұрғыны 100 бас қойды жайылымға қараусыз шығарған. Ауыл тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша жауапқа тартылып, оған айыппұл салынды. Учаскелік полиция инспекторы мал иесіне бұдан былай қойларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертті.

Тағы бір жағдай, 3 шілдеде Ақсу қаласының кентінде құқық қорғау қызметкерлері патрульдеу кезінде Ленинский – Курчатов жолының бойынан 5 бас жылқыны байқады. Анықталғандай, бұл жылқылар үйірден бөлініп кеткен. Жылқышыға қатысты ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік материал тіркелді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама