×

Мемлекеттік органдар құжаттарды қарау мерзімін екі есе қысқартады

Мемлекеттік аппарат бюрократиядан арылмақ

 Халық үні 28.04.2022 | 10:15
фото: ашық дереккөзден

Премьер-министр мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес барысында мемлекет басшысының тиісті жарлығын орындау үшін 30-дан астам іс-шарадан тұратын іс-қимыл жоспары жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік органдарды нәтижелі жұмысқа, азаматтарды толғандыратын мәселелерді тиімді әрі сапалы шешуге бағыттауға мүмкіндік береді. Мәселен, бүгінгі таңда үкімет қаулысымен комиссиялар саны 70-тен 25-ке дейін қысқарды. Осындай жұмыстар министрліктерде де жүзеге асады, – дейді үкімет.

Құжаттарды қарау мерзімін екі есе қысқартатын, сондай-ақ норма шығару процесін қайта құратын үкіметтің жаңа регламенті әзіленіп жатыр. Регламенттің жаңа редакциясы жақын арада бекітіледі. Сонымен қатар үкімет басшылығының қолданыстағы тапсырмалары тексеріліп жатыр. Маңыздылығын жойған және қайталанатын тапсырманың барлығы алынып тасталады. Бұған қоса «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі базасында мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру мен бюрократиядан арылту жөніндегі ұсыныстарды жинайтын онлайн-ресурс құрылады.

«Іс-қимыл жоспары өте қысқа мерзімде орындалуы тиіс. Барлық тармақтың орындалу сапасына назар аударуды сұраймын», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы атқарылып жатқан шаралар мемлекеттік аппараттың жұмысын едәуір жеңілдетіп, қоғам үшін барынша тиімді әрі ашық болуы тиіс екенін атап өтті.

Тоқаев мемлекеттік қызметті бюрократиядан арылтпақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама