Биыл қазақша оқитын 1-сыныптарда шет тілі пәндері болмайды
2023-2024 оқу жылында тілдерді оқыту кезең-кезеңмен іске асырылады
2023-2024 оқу жылында бастауыш сынып оқушылары үшін қандай өзгеріс болатыны белгілі болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ақпараты бойынша, 2023-2024 оқу жылында тілдерді оқыту кезең-кезеңмен іске асырылады.
Сол мақсатта қазақ тілінде оқытатын 1-сыныптарда «Әліппе», «Ана тілі» пәндері, ал «Орыс тілі» оқу пәні 2-сыныптан бастап оқытылатын болады. Орыс тілінде оқытатын сыныптарда 1-сынып оқушылары «Қазақ тілі» және «Букварь» пәндерін оқитын болады, – делінген министрліктің хабарламасында.
Ал шет тілі пәнін барлық бастауыш сынып оқушысы 3-сыныптан бастап оқиды.
«Тілдерді оқытуды кезең-кезеңімен енгізу тәсілі өткен оқу жылынан бастап іске асырылып жатыр. Бұл тәсілдің білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік беретіні маңызды», – деп атап өтті Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА президенті Мадина Тыныбаева.