Үш жылдың ішінде салада 143 адам сотталды
Алматы облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Оқу-ағарту министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бірлескен сыртқы талдау нәтижелерін қарады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Талдау аясында қаражатты ұрлаумен және оларды ұтымсыз пайдаланумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Агенттік басшылығы атап өткендей, соңғы 3 жылда мемлекет білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бөлген.
Мемлекеттік қолдауды арттырудың себептерінің бірі – мұғалімдердің жалақысын көтеруге мүмкіндік берген «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы. Бұл ретте үлкен бюджет қаражаты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен бірге жүреді. Мысалы, 2020 жылдан бастап осы салада 143 адам сотталды. Мемлекетке келтірілген залал шамамен 11 млрд теңге болады.
Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің өкілдері атап өткендей, талдау аясында өңірде «Өлі жандарға» ақшалай қаражат есептеудің 13 фактісі және мектеп мұғалімдері мен бухгалтерлеріне жалақыны негізсіз көтерудің 30 фактісі анықталды. Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланудың жалпы сомасы – шамамен 750 млн теңге.
Мысалы, департаменттің өндірісінде Жамбыл ауданы білім беру саласының қызметкерлеріне қатысты 65 млн теңгені жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдай тиісті ведомстволық бақылаудың болмауына және бухгалтерлік есеп жүйелеріндегі олқылыққа байланысты болды.
Кеңес соңында Антикор қызметкері сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне нөлдік төзімділікті дамыту қажеттігіне назар аударып, қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.