×

«Төртінші атамның диірмені мен анамның сырмағы»: Бахаргүл Төлегеннің тарихи жәдіргерлер көрмесі ашылды

Көрмеге б.з.д. III-I және VI-ХII ғасырлардың бұйымдары қойылған

 Ербол Тұрымбет 04.07.2023 | 16:21
Фото: Halyq Uni

Nur Alem болашақ энергиясы музейінде, Астана қаласының 25 жылдығына орай коллекционер-этнограф Бахаргүл Төлегеннің «Жауһар жәдігер» атты көрмесі ашылды.

Көрмеге мәдени құндылығы аса жоғары, бірнеше ғасырлық тарихы бар мыңнан астам жәдігерлік бұйым қойылған. Олар ат әбзелдері, киіз үй жабдықтары, әшекей-бұйымдар, қару-жарақтар, тұрмыстық бұйымдар деп көптеген топқа бөлінеді. Оның бәрі Орталық Азия және қазақ халқының сирек кездесетін бағалы қолөнер бұйымдары. Сонымен бірге, б.з.д. III-I ғасырлардағы Кушан патшалығының археологиялық артефактілері мен VI-ХII ғасырларға жататын тарихи құнды дүниелер кездеседі.

Сондай-ақ, көрмедегі кей әшекейлердің біразы тарихи фильмдерде де қолданылған.

Мысалы, «Көшпенділер» фильміндегі басты кейіпкерлердің бірі Аянат Есмағамбетованың таққан сырғасы менің коллекциямнан болатын. «Қазақ хандығы» фильмінде Шайбан шахтың әйелінің таққан маңдайшасы да тура осы көрмеде тұр. Одан бөлек, өзімнің де жеке отбасылық, төрт атадан бері келе жатқан диірмен, келісап, анамның сырмағы, кестесі, оймағы, ұршығы деген сияқты жәдігерлік бұйымдарым бар, – дейді көрме авторы Бахаргүл Төлеген. 

Жалпы осындай көрмелер он жылдан бері Астана мен Алматы, Атырау қалаларындағы Ұлттық музей, Қарулы күштердің әскери-тарихи музейі, Алматыдағы Орталық музей мен Ә. Қастеев музейінде тұрақты өтіп келеді.

Ал осы жолы «Болашақ энергиясы» музейінде көп жылға тұрақты тегін қойылып отыр.

Айта кетсек, Бахаргүл Төлеген ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Белгілі кәсіпкер қазақ халқының қолданбалы антикварлық бұйымдарын 20 жылдан астам уақыт бойы жинап, халыққа таныстырып келеді.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама