Елордада үй мүліктерін сыртқа лақтырған әйел «жындыханаға» жіберілді (ВИДЕО)

Еркеғали Болатұлы

Медициналық тексеруден кейін құқықтық баға беріледі

фото: видеодан скриншот

TikTok әлеуметтік желісінде тұрғын үйдің 1-қабатында орналасқан мейрамхананың жанына адамдардың жиналып жатқаны түскен видео пайда болды. Ал жоғарғы қабаттан бір әйелдің заттар мен теледидар, шамдар және т.б. ауыр техникаларды сыртқа лақтырып, ашулана айқайлап жатқанын көруге болады.

Алдымен үйге полиция, олардың артынан дәрігерлер мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келіп жеткен.

Көршілерінің айтуынша, ерлі-зайыптылар бұған дейін де жиі ұрсысатын болған. Ал қалалық ПД баспасөз қызметі 3 шілдеде 102 пультіне тұрғын үйдің жоғарғы қабатының терезесінен мейрамхананың мүлкіне зиян келтіретін тұрмыстық заттардың лақтырылып жатқаны туралы хабарлама түскенін мәлімдеді.

Бұл факті бойынша 25 жастағы әйел ұсталып, тексеруден кейін ол қалалық психикалық денсаулық орталығының жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Медициналық тексеруден кейін құқықтық баға беріледі, – делінген ПД хабарламасында.