Мүгедектігі бар адамдар портал арқылы 270 мыңнан астам қызмет түрін пайдаланды

Дастан Жұмабекұлы

Кеңесті 1414 бірыңғай нөмірінен алуға болады

фото: ашық дереккөз

Биыл жыл басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 210,6 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 6,5 мың адам ымдау тілі қызметін, 25,3 мың азамат жеке көмекшінің, 29,4 мың мүгедектігі бар ел тұрғыны санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы іске асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады, – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінде порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 854 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 441 ОТҚ жеткізуші, 27 мыңнан аса жеке көмекші, 696 ымдау тілі мен 106 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар аясында іске асып отыр.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.