Таразда бір үйдің үш баласын 500-ге жуық полицей іздеді
Ата-анасы балаларды 15 жастағы үлкен ағаларына тапсырып кеткен
Таразда бір үйдің 3 баласын 500-ге жуық полицей іздеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше сағат 00:34-те Тараз қаласы ПБ кезекші бөліміне облыс орталығының шағын аудандарының бірінде кәмелетке толмаған 2 ұл мен 1 қыздың үйден кетіп қалғаны туралы арыз түскен. Тексеру кезінде балалардың ата-анасының тиісті бақылауында болмағандығы, яғни оларды 15 жастағы үлкен ағаларына тапсырып кеткендігі анықталды.
Балалар үйден сағат 14:00-де сыртқа серуендеуге шығып кетіп, содан оралмаған. Ағасы бауырларын өз бетінше іздеуге тырысқан, бірақ оларды таба алмағандықтан полицияның көмегіне жүгінген.
Кәмелетке толмағандарды іздестіруге 500-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Полицияның барлық кешенді күштері мен нарядтары бойынша бағдарлар жіберілді. Іздеу шараларына еріктілер де қосылды.
Біз барлық ауруханаларды дереу тексердік. Балалар тұратын үйді, сондай-ақ жатақханалардың жанындағы пәтерлерді араладық. ІІО-да есепте тұрған азаматтар тексерілді. Оларды тірі және сау табу бірінші кезектегі міндет болды, – деді Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.
Нәтижесінде балаларды патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қала шегіндегі «Қазақ хандығының 550 жылдығы» монументінің жанында ұйықтап жатқан күйінде тапты. Айтуларынша, олар үйден тыс жерде ойнап жүріп, адасып кеткен.
Жаз айында кәмелетке толмағандар көбінесе ата-аналарының назарынан тыс қалады. Балалар мектептен тыс, ал ата-аналар жұмыста болады. Балаңыздың не істеп жатқанын, қайда уақыт өткізетінін, кіммен сөйлесетінін әрқашан білу маңызды. Қадағалаусыз жүрген балалар қауіпті жағдайға ұшырап, көбінесе қылмыстық және азғындық әрекеттерге ұрынады, – дейді ведомство өкілдері.
Қазір іздеуде болған балалар үйлеріне аман-есен оралды.