Жұмыс пен жеке өмір тепе-теңдігі: Қазақстандықтардың 64%-ы жұмысбасты

Бауыржан Мұқанов

Сауалнамаға қатысқандардың 42%-ы демалыс күндері де жұмыс чатында отырады

Фото: Halyq Uni

Әдетте жұмыс берушілер жұмысқа берілген, 24/7 режимде жұмыс істейтін адамдарды ұнатады. Алайда, таяқтың екі ұшы бар.

HeadHunter Қазақстан компаниясының жұмыс іздеушілер арасында жасаған сауалнамаға сүйенсек, қазақстандықтардың 64%-ы өздерін жұмысқа берілген, яғни жұмысбасты санайды. Ал 42%-ы тіпті еңбек демалысы мен демалыс күндері де жұмыс чаты мен поштаны қарап отыратынын айтқан. 

Сауалнамаға қатысқандардың 35%-ы алты айдан астам уақыттан бері демалысқа шықпағаны айтылады.  

Әйелдердің 57%-ы жұмысбасты болса, ерлердің 71%-ы жұмысқа берілген. Мұндай қасиетті ерлердің 43%-ы, әйелдердің 29%-ы дұрыс санайды. 

Кәсіп түріне келер болсақ, топ-менеджмент (81%), маркетинг, жарнама, PR (72%) және қаржы, бухгалтерия саласында (71%) жұмысбастылар көп көрінеді.

Алайда, жұмысбастылық көп жағдайда жұмыстан қажуға әкеп соғуы мүмкін. Жұмысқа беріліп, басқа нәрселерге көңіл аудармай қойған кезде тіпті сүйікті ісіңіз де сізге жағымсыз бола бастауы мүмкін. Әдетте қызметкерлер өз еріктерімен, басшылық талап етпесе де көп жұмыс істеп кетеді, – деп жазады HeadHunter. 

Осы орайда, компания мамандары жұмыс пен жеке өмір тепе-теңдігін сақтауға кеңес береді.