Мамырдан бастап әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін пәтер жалдауға субсидия беріле бастайды
Мемлекет тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтар үшін жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлейді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. 18 сәуірде жалдамалы пәтер ақысын субсидиялауға өтінімдер қабылдау басталды. Бағдарламаны 2022 жылдың мамыр айында іске қосу жоспарланған болатын. Аталған бағдарлама отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы айына бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50%-ын төлеуді көздейді. Бағдарлама операторы - «Отбасы банкі».
Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда елімізде үй кезегінде тұрған 590 мыңға жуық азамат бар, олардың 210 мыңы әлеуметтік тұрғыда осал топтарға жатады. Олардың ішінде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мыңға жуық қазақстандық бар.
«Көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мемлекет тарапынан қолдауға ие болады. Халыққа ыңғайлы болу үшін біз өтінімдерді қабылдау бойынша цифрлық платформаны іске қостық. Осылайша барлық процесс онлайн түрде otbasybank.kz порталында жүзеге асырылады. Өтініш берушілердің барлық талапқа сәйкестігі басқа ведомстволардың деректер базасымен интеграциялау арқылы тексерілетін болады», - министр Қайырбек Өскенбаев.
«Отбасы банкіне» келіп түсіп жатқан өтінімдердің қаншасы мақұлданып, қаншасы кері қайтарылғаны жөніндегі мәліметтерге мониторинг жасалады.