«Саламатты Қазақстан» пойызы 80 мыңнан аса адамға медициналық көмек көрсетеді
Профилактикалық тексеру барысында 1 мыңнан аса науқас анықталды
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы биыл өз жолында 112 теміржол станциясында тұратын 80 мыңнан аса адамды медициналық қызметпен қамтамасыз етпек, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Медициналық пойыздар шалғай елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 2010 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан бірегей жобаға айналды.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы диагностикалық қызметтер мен мамандардың кең бейінін (профилактикалық скринингтер, консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету, дәрілік заттармен қамтамасыз ету және т.б.) ұсынады.
Жобаны Денсаулық сақтау министрлігі «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен және «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» Корпоративтік қорымен бірлесіп іске асырады.
Биыл 26 сәуірден бастап «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы іске қосылды. Онда бейінді мамандардың 44 мың 965 консультациясы, 15 мың 911 зертханалық-диагностикалық зерттеу, 2 мың 576 шағын хирургиялық операция жүргізілді. Профилактикалық тексеру барысында 1 мың 216 науқас анықталды, оның ішінде 795 ересек адам және 199 бала есепке алынды.
Жобаның арқасында станциялар мен оған іргелес елді мекендердің көптеген тұрғындары биыл алғаш рет білікті дәрігерлерге барып, аурулардың бар-жоғын тексерді. Пациенттерге қажетті алғашқы медициналық көмек, кәсіби консультация және жақын маңдағы медициналық орталықтарға одан әрі емделуге жолдама берілді.